«Ақмола облысы білім басқармасының Зеренді ауданы бойынша білім бөлімінің жанындағы Шағалалы ауылының «Балдырған» бөбекжайы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны
Государственное коммунальное казенное предприятие «Ясли-сад «Балдырган» села Шагалалы при отделе образования по Зерендинскому району управления образования Акмолинской области

Instagram

Ұйымдар тізімі

Галерея

Смотреть все>>>

Тәуелсіздік түсінігі әрбір халық үшін мейлінше қастерлі ұғым.

21.12.2020

Тәуелсіздік түсінігі әрбір  халық  үшін  мейлінше  қастерлі  ұғым.

 

«Тәуелсіздік» ұғымы әрбір халық үшін, әрбір адамзат үшін тұғыры биік қастерлі ұғым. Тәуелсіздік үнемі бірлікті, татулықты, жігерді талап етеді.

Адам баласы жер бетінде пайда болғаннан бастап тәуелсіздік үшін күрес ешқашан тоқтаған емес. Біздің еліміз, біздің Қазақстанымыз үшін де тәуелсіздік алу , тәуелсіз ел болу бақыты оңайлықпен келген жоқ.

Тегеуріні биік, тепкісі қатты заманда тең жарымынан айырылған халқымыз ана тілінен, қасиетті дінінен, дәстүрі мен ата салтынан көз жазып қала жаздады.

Қазақ «Қазақ» болып шаңырағын көтеріп, ірге тасын қалағаннан бастап осы күнге дейін көптеген қиындықтар көрді.  Оның бәріне тарих сахынасы мен қазақ даласы куә.

Тарихқа көз жүгіртер болсақ, бұл даланың тауы күрсініп, тасы қақ айырылар еді. Даласын жауынан, халқын қан сасыған қақтығыстардан сақтап қалу үшін ата-бабамыз не істемеді?!

Әріде Абылай, Қабанбай, Бөгенбай батырлар мен Исатай, Махамбеттер «қара қазан, сары бала қамы үшін"  қасық қандарын қиса, берітінде "Алаш» атын сақтап қалу үшін «Оян қазақ!» деп үндеу салған Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы сынды батырлар арыстанша алысып өмірден өтті. Тарихта қаралы күн әрі азаттықтың ақ таңы атқан күн ретінде алтын әріппен жазылған  ұлы күн 1986 жылғы «Желтоқсан оқиғасы» қазақтың ұлт тәуелсіздігі жолындағы  шешуші  күресі еді.

Қазақтың маңдайындағы бес елі сорынан айырылып, қайғысы мен қасіретіне,  көрген азабы мен зардабына нүкте қойылған күн. Алайда, бұл нүктені қою оңайға соқпады. Қазақ апталдай қайсар арыстарынан, гүлдеп тұрған қызғалдақтарынан айырылды. Алматының қан сасыған орталық алаңында тәуелсіздік үшін күрескен  боздақтар қыршын кетті, қауызын жарып үлгермеген  гүлдер үзілді.

Желтоқсанның ызғары тарихтан осылайша ойсыратып өз орынын алды. Алайда, арыстарымыз армандарына қол жеткізді, қазақ еліне тәуелсіздік сыйлады. Осылайша тарихта кеткен есемізді алды және мәңгілік тыныш ұйқыға кетті...

Ата-бабамыз ғасырлар бойы аңсаған арманға жеттік. Қазақты тарих сахынасының төріне « Тәуелсіз ел-Тәуелсіз Қазақ елі» деп шығарды.

Міне, бүгінгі таңда Қазақстан тәуелсіз зайырлы ел болып қалыптасты. Шегеленген  шекарасы, бекітілген заңы, қастерлеген мемлекеттік рәміздері бар. Тәуелсіздігіміздің таңы атып, көк туымыздың желбірегеніне де 29жыл болыпты. Осы 29 жылда еліміз жүз жылға тұрарлық жетістікке жетті, өзін әлемге тәуелсіз қуатты ел ретінде танытты. Елбасы «Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтап, мемлекетімізді нығайта беру үшін бізге ең әуелі бірлік қажет»,-дейді. Ата - бабамыздың аманаттап кеткен тәуелсіздігімізді қорғау өскелең ұрпақтың еншісіндегі қастерлі борыш. Жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиетін сіңіріп өсіру орта буыннын міндеті. Бүгінгі Қазақстан әлем мойындаған зайырлы мемлекет. Тәуелсіздікке қол жеткізу де, оны баянды ету де оңай емес. Құнды қазынамыз –тарих табыстырып, тарих тоғыстырған халқымыз және тәуелсіздігіз. Тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ және оған  қалай қол жеткізгендігімзді ұмытуға хақымыз жоқ.

Оған дәлел қазақ ақыны Мұхтар Шахановтың келесі өлең жолдары:

Сәл аялдап, тағзым етпей бұл алаңнан өтпеңдер...

Желтоқсанда ызғырықтан тiтiркенiп көк пен бел,

Бұл жер, қалқам, асқақ рух жарылысы өткен жер,

Қайта оянған ұлт намысы қызыл қанға бөккен жер,

Ерте есейген ару қызды шаштан сүйреп, тепкен жер,

Жатты мұнда естен танып, күзге айналған көктемдер...

Алаң шетiн қоршап тұрған шыршаларға ала көк,

Жас бүлдiршiн, сезiмiңдi жанар етiп қарап өт.

Сол арадан сатқындық та елестейдi қара бет,

Қара беттiң көбi бүгiн дара тұлға, дара бет.

Жас бүлдiршiн, мұз құрсанған шыршаларға қарап өт,

Заманыңның жеңiсi мен жеңiлiсiн санап өт.

Ұлттың бағы жанар ма екен хас тұлпары, нары жоқ,

Ал бiреулер намысы жоқ, жiгер, қауқар, қары жоқ

Кемсiтпекшi "желтоқсанның жалаң аяқтары" деп.

Жоқ!!! Кешегi сын сағатта көкiрегiнде жанып от,

Тұрған солар аяз сорған қызыл беттiң ары боп,

Дәуiрiнiң тауығына шашылмаған тары боп.

Тiрлiктегi әр iсiңнiң жаңғырығы болады,

Бұл табиғи жасырын заң өзгерiссiз қалады,

Сол заңға сай сенi бақыт не сор iздеп табады. ...

Дүниенi дүр сiлкiнткен жас толқынның саналы

Даңқын ешкiм, ешкiм бүркей алмас.

Оны да еске салады,

Желтоқсанның бас алаңы, қайсар рух алаңы.

Осындай қиын қыстау заманнан кейін еліміз өз тәуелсіздігін алды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақ елі үшін ауыртпалық туғызды. Дегенмен жеткен жетістіктерімізде аз емес. Ең алдымен билік басына қазақ баласы келді. Елбасы болып Н.Ә.Назарбаев сайланды. Мемлекетіміздің гүлденуінің берік  іргетасы, әрі кепілі болған еліміздің басты заңы Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданды. Сонымен қатар әнұранымыз бен мемлекеттік рәміздеріміз дүниеге келді. Оның негізінде елімізде біздің қазағымыздың басты құндылығы саналатын адамның дамуына, оның әл ауқатын арттыруға бағытталған ауқымды қайта құрулар жүзеге асырылды.

Әлем картасында алғаш рет шекарасы шегеленген «Қазақстан» деген мемлекет түсірілді. Ата заңымызды, рәміздерімізді, шекарамызды еншілеп алғанан кейін, ел экономикасына назар аударылды.Тұралап тұрған ел экономикасын көтеру оңай шаруа болған жоқ. Тоқырау жылдарын басынан өткізген халық, алға ұмтыла бастады. Көршілес мемлекеттермен жақын қарым-қатынас орнатылды.

Шет елдерден инвестициялар тартылды және білікті мамандар шақырылды. Жастар өз елімізде білім алып жұмысқа орналастырыла бастады. Дамыған шет елдерде білім алу үшін «Болашақ» тәрізді бағдарламалар жүзеге асырылды.

Білім мәселесімен қатар денсаулық саласыда  игеріле бастады. Сапалы қызмет көрсету үшін білікті мамандар оқытылды. Бертін келе елімізде экономикалықжағдайы жақсарып әлемге танылды. Осының бәрі Тәуелсіздіктің жемісі. Осы күнге, бейбіт өмір мен тыныш ұйқымыз үшін ата бабаларымызға шексіз қарыздармыз. Отан үшін от кешіп, қасық қандарын қиып, ұрпақтарына тәуелсіздікті аманаттап кетті.

Кейінгі ұрпақтың міндеті аманатты «тәуелсіздігімізді, тілімізді, дінімізді»  мәңгі сақтау.

Тәуелсіздігің мәңгі болсын ! Жасай бер, гүлдей бер,Менің Қазақстаным!

 

 

 

Исаханова Жадыра Тұрашқызы.

Зеренді ауданы

Шағалалы ауылы

«Балдырған» балабақшасының тәрбиешісі.

 

 

 

 

 

 

 

Просмотров: 285


Добавить комментарий



Включить данные в подпись

Текст